Дулат Тастекеев: Енді Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Ақсуатқа ұшақпен бара аласыз

Шығыс Қазақстан облысындағы дереккөздер белгілі бір қоғамдық қордың Тарбағатай ауданына әуежай салатынын хабарлады. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Семей қалаларынан Ақсуатқа әуе рейстері ашылмақ.

Бір қызығы әуежайды мемлекет емес, инвестор емес, қайырымдылықпен айналысатын ұйым салады. Шынын айтқанда, кімді болсын таңдандыратын жаңалық, қызықты ақпарат. Оның үстіне әуежай қалаға емес, шалғайдағы ауылға салынады. Осыған байланысты көкейдегі сан сауалға жауап алу үшін біз ШҚО меценаты, «ASSYLTAS» қоғамдық қоры қарайтын «TAS Group» компаниялар тобының негізін қалаушы және бас директоры Дулат Тастекеевке хабарластық.

– Дулат Тұрсынұлы, сіздің қорыңыз Ақсуат ауылына әуежай салуды қолға алғаны рас па?

– Иә, рас. Ондай жоба бар және ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Бірақ, мұның бизнеске қатысы жоқ екенін бірден айта кетейін. Біз бұдан табыс табуды көздеп отырған жоқпыз. Бұл облыс пен республиканың ірі орталықтарынан алыс орналасқан ауданымыздың тұрғындарына ыңғайлы болу үшін қолға алынған игі іс.

Мен осы жерде жобаның мәртебесі туралы бірден айта кеткім келіп отыр. Бұрын шекаралас ауылда 1992 жылға дейін жұмыс істеген аэровокзалы бар аудандық аэродром болған. Бірақ, КСРО ыдырағаннан кейін оның жұмысы да тоқтады. Қазір аэровокзалдың ғимараты да жоқ. Як-40, Ан-24 және Ан-2 сияқты ұшақтарға арналған ұшу-қону жолағы ғана қалыпты. Бірақ оның жағдайы жақсы деуге келмейді. Сол себепті бәрін жаңадан салуға тура келеді. Мәселен, ұшу-қону жолағын қалпына келтіріп, терминал ғимаратын, авариялық-құтқару және техникалық қызметтер орналасатын және басқа да қызметтік-ғимараттар салу керек. Электрмен, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін, кәріз жүйелерін тарту қажет. Сондықтан, мұны шын мәнінде ескі аэродромды қалпына келтіру емес, жаңадан әуежай салу деп түсінген абзал. Мәртебесі сондай.

– Бұл идея қалай туындады?

– Биыл наурыз айында Семей қаласындағы үлкен мешіттің құрылысын аяқтағаннан кейін ауылымызға пайдалы жаңа жобаны қолға алу идеясы туындады. Біз әуеайлақтың қазіргі меншік иесін тауып, іске жаратар не қалғанын анықтадық. Содан кейін жерді жұрттың пайдасына беру жөнінде келісіп, одан ары біздің жоспарымызды қолдаған және көмек көрсетуге уәде берген жергілікті билік органдарымен келіссөз жүргіздік.

– Идея сіздікі болғанымен, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады. Яғни, жобаға мемлекет қатысады ғой?

– Иә, дәл солай. Жақында біз осындай нысандарды жобалаумен айналысатын тәжірибелі мамандарды жалдадық. Олар түрік компаниясымен бірлесіп, Түркістан қаласындағы жаңа әуежайдың жобасын әзірлегендер. Сол мамандармен ақылдасып, шығынды да есептеп көрдік. Әуеайлақтарға қойылатын заманауи талаптарды ескергенде барлық жұмысқа шамамен 3 млрд теңге қажет деген қорытындыға келдік.

Өз мүмкіндіктерімізді негізге ала отырып (ASYLTAS қоры TAS Group компаниялар тобының пайдасынан бөледі), сондай-ақ бүкіл процестің шамамен 3 жылға созылатынын ескере келе жобаны іске асыруға 1 миллиард теңге бөлетін болып шештік. Бірақ, тағы екі миллиард керек. Сондықтан біз Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірлесіп жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасадық.  Аймақ басшысы Даниал Ахметов ұсынысымызды қолдады.

ШҚО қазір қарқынды дамып келе жатқанын аймақ екенін атап өткім келеді. Облыс бойынша түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында жаңа шағын аудандар, мектептер, ауруханалар, медициналық және спорттық-сауықтыру орталықтары, жылу беру қазандықтары, жол және тағы басқа да маңызды нысандар бар. Даниал Кенжетайұлы су құбырларын және халық тұрмысын қамтамасыз ететін басқа да жүйелерді қалпына келтіру мен салу, түрлі саланың мамандарын тарту және оларды сол жерлерге тұрақтандыру үшін жаңа тұрғын үйлер салу жөніндегі міндеттерді қамтитын арнайы бағдарламаларды іске асырып жатыр. Біздің жоба-ұсынымыз да өте пайдалы болды деп ойлаймын.

– Қазір жобаны жүзеге асырудағы қадамдарыңыз қалай?

– Біз қазір аэровокзал салатын орынды таңдау, түрлі уәкілетті органдармен және ұйымдармен келісу кезеңіне кірісіп кеттік. Бұл шамамен екі айға созылады. Ұшу-қону жолағын, ұшақтарға арналған тұрақ, ұшақты ұшу-қону жолағына апаратын жол мен перронды түгел қамтитын әуеайлақтың қолданыстағы сертификаты болмағандықтан техникалық-экономикалық негіздемені қайта дайындау қажет.

Содан кейін мемлекеттік сараптама жүргізіледі, ол тағы екі айға созылады. Егер оң қорытындысы шықса, біз жұмыс жобасын дайындауға кірісеміз. Оған шамамен 5-6 ай уақыт керек. Содан кейін жұмыс жобасы қайтадан мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.

Бұдан бөлек, әуежайдың ұшу-қону жолағын 1,5 километрден 2,2 километрге дейін созу үшін және заманауи әуежай кешенін салу үшін учаскеге (Bombardier Dash 8 – Q400, CRJ-200 және т.б. үлгідегі ұшақтар үшін) түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет болады.

Мемлекеттік органдар бізді қолдайтындықтан барлық құжаттар қағазбастылыққа салынбай жылдам дайын болады деген үмітіміз бар. Жоспар бойынша келесі жылдың екінші жартысында құрылыс жұмыстарына кірісуіміз керек.

– Ауылды жерге жаңадан әуежай салынады дегенді естіген кез келген адам ойланып қалатыны анық. Өйткені, әуежайдан бұрын ауылдың басқа қажеттіліктерін қамтамасыз етіп алған дұрыс болмас па еді, бұл нысан қаншалықты қажет деген сұрақтар туындайтыны сөзсіз. Бұған не дейсіз?

– Иә, ондай сұрақтардың туындауы заңды. Бірақ, әуежайдың өте қажет екеніне көз жеткізу қиын емес. Өйткені, Ақсуат ШҚО-ның шекараға жақын, орталықтан шеткері орналасқан ең ірі елді мекендерінің бірі. Аймақтың картасын қараңыз, сонда бәрін түсінесіз. Біріншіден, Тарбағатай ауданында теміржол қатынасы жоқ. Аудан орталығы Ақсуаттан Семей мен Өскеменге дейін автокөлікпен 4-5 сағат жүресіз, Алматы мен Нұр-Сұлтанға жету үшін бір тәулік жол жүруге тура келеді. Ал ұшақпен бір сағатта жетуге болар еді. Сондықтан, бұл жоба өте маңызды деп есептейміз.

Алдағы уақытта Тарбағатай, Көкпекті және Зайсан аудандарының тұрғындары әуежайдың игілігін көретін болады. Алдын ала есепке сәйкес, Ақсуат-Алматы және Ақсуат-Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша аптасына 30-40 адамнан 2-3 рейс, Семейге 4-5, Өскеменге 3 рейс жасалады. Жазда Алакөлге баратын халық көбейгенде Үржарға ұшатын рейске сұраныс артатын болады.

Сонымен қатар, мұндай шалғай аудандарда әрқашан жүк тасымалына қажеттілік болатынын ескеру керек. Бұл әсіресе дәрі-дәрмектер мен басқа да шұғыл қажет жүктерді жеткізуге, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені өнімдерін тасымалдауға қатысты. Тарбағатай ауданында мал шаруашылығы саласы дәстүрлі түрде жақсы дамып келеді және алдағы уақытта тірі малдың импорты мен экспортын қамтамасыз ету мақсатында авиатасымалға сұраныс туындауы мүмкін.

Сондықтан, әуежай шекаралас аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір жақсартатыны анық. Сонымен қатар, ШҚО әкімдігі аймақ тұрғындарының қалтасына салмақ түспес үшін ұшақ билетін субсидиялау туралы ұсынысты қарастыруға да уәде берді